Денсаулық

КТ мен МРТ-ға ауыл тұрғындары тегін түсе алады

Былтырдан бастап құны қымбат компьютерлік және магнитті-резонансті томографияға (МРТ, КТ) тегін түсуге мүмкіндік артып келеді. Бұл үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы керек. Алайда ауыл тұрғындары құны қымбат медициналық қызметтерді тегін алуға болатынын әлі де түсінбей жүр. Мәселен, Қобда ауданының орталығында тұратын Варвара Погребнюк іш қуысы қатты ауырып, өзінің учаскелік дәрігеріне қаралады. Дәрігер науқасты мұқият тыңдап, МРТ-ға түсу қажет екенін айтады. Ақтөбе қаласындағы «CenimClinic» емханасына МРТ өтуге жолдама береді. Варвара Погребнюк тексеруден өтеді. МРТ қорытындысын қараған дәрігер дереу құжаттарды рәсімдеп, облыстық  жедел медициналық жәрдем ауруханасына  ота жасатуға жіберді.

Бауырымда эхинокок кистасы бар екен. Дәрігер ота жасатпаса болмайтынын айтты. Мен бала күтімімен үйде отырған анамын, жұмыс жасамаймын. Сондықтан әлеуметтік топқа жатамын, яғни жарнаны мен үшін мемлекет төлейді. МӘМС жүйесі арқылы құны қымбат қызметтерді тегін алдым. Осыны ауыл тұрғындары білсе екен деймін, — дейді Варвара Погребнюк.

Жыл басынан бері облыстың медициналық мекемелерінде құны 128,4 миллион теңге тұратын 14 мыңнан астам жоғары технологиялық (КТ, МРТ, УЗДГ) қызмет көрсетілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button